«Келешек анама хат» Анашым! Мен сізді танымаймын-ау, әлде танимын ба екем?! Сізді «енем» деп айтуға қимай отырғаным. Аузым бармайды.Сіз мені жатсынбаңызшы, мен де сізді бөтенсінбейін. Мен кірпідей жиырылмайын, сіз түрпідей тиіспеңізші. Сонда ғана сіздің киелі шаңыраққа балдай батып, судай сіңіп кетер ем. Сіздің абыройыңыздан тәлім алып, сіздің ақыл-ойыңыздың әсерімен Ерімді сүйейін. Еріме деген ақ адал махаббатпен елімді сүйейін. Ұлтжанды, ержүрек ұрпақ дүниеге әкелейінші. Өмір жолыңыздан, жүріп өткен жолыңыздан хабардар болып, сізді өзіме Үлгі тұтқым келеді. Өз туған анама : «Маматай, білесіз бе, сіздің қызыңыз біртүрлііі-ау осы ше… Болашақта жарымның қандайлығы емес, келешек «мамамның» тура сіздей  болғанын арман етіп жүрмін» деп едім. Шынымен де, менің арманыма дейін қызықтау. Өзім секілді. Кейде отырып алып, ал кеп қиялдаймын: жылы шырайлысыз, жүзіңізден мейірім төгіліп тұр. Сізден адал сүт емген ардақты ұлыңыз менің азаматыма айналғаны — шынайы мақтаныш. Ендігі жерде мен сіздің Келініңізбін. Қызыңыздай бауырыңызға тартатыныңызға ешқандай шүбәм жоқ. Бірақ, келіннің аты — келін. Мені шолжаңдатпайтын да, кесапатты етпейтін де, келсап қылмайтын да, кердең қақтырмайтын да  — сіздің ақыл-мейіріміңіз бен төзіміңіз. Өздігіңізше дара тұлғасыз. Қасиетті қазақтың байырғы салиқалы, дана аналарының жұрнағысыз Сіз. Жан тазалығы мен рухтың мықтылығы ананың алпыс екі тамырынан бойға дариды ғой. Сізден дарыған тектілікті, парасаттылықты, ерік-жігеріңізді, болаттай беріктігіңізді мен де бойыма сіңіріп, сіздің немерелеріңіздің өн бойына дарытайын. …Айналамнан көп аңғарамын. Ене мен келін жайында әңгіме қозғала кетсе, кең дүние тарының қауызындай тарыла қалады. Кімдерге құлақ сала қалсам да, бір-бірін әбден титықтатып тығырыққа тіреліп жүрген екінің итырғылжыңы. Жауыр аттай қажыған келін отырғаны әңгімелеп, құлағының құртын терген енесіне деген қарақазан өкпесін ақтарып. Қай кезде де, екі тарап кінәлі. Әрине, біреудің баласын біреу өз жатырын жарып шыққандай көруі екіталай. Дегенмен, мен сізге сенем. Мен сізге қызыңызДАЙ боламын! Ол үшін жанымды берем, барымды салам. Сондай көркем қазақ әдебиетінің шығармаларындағы тұнып тұрған қыз тәрбиесін көзбен көріп, құлағымыз ести жүріп, сұлу да қылықты, ақылды да биязы болуға ұмтылып жүрген мендей қаракөзіңізден жаман келін шықпауы керек. Жаһанданудың жалыны ұрғанымен, Батыстың былапыт тәрбисі қоғамымызға сұр жыландай ентелеп келгенімен, мен қазақы ұлттық тәрбиеден, өнегеден аттап кетуден аулақпын мүлде. Жазда жалаңаш, қыста жалаңбас жүретін, тарқылдап күліп, қайқаңдап жүретін қыз болмағаным — ата-әжемнің тәрбиесінен болар. Ақ жүзім мен ақ білегімнен өзге құпия жерлерімді қымтап, жасырып ұстасам  өлмейтінімді әжем әлмисақтан миыма құйып тастаған ғой. Ұлттық ұлы жауапкершілік өз мойынымда екенін жете ұғынып жүрмін. Адамдықтан аттап, оғаш әрекеттер жасамауға уәде етемін, Анашым. «Әйел — адамды бесігінен бастап баулиды… Өмірдің ірге тасы солардың қолымен қаланады» — дейді Пирогоров. Мен әжемнен естіген әңгімеммен және сізден сіңірген ізгілігіммен қалаймын отбасымның іргетасын. Түйсіктің таяздығы, көргенсіздік, рухани жұтаңдық, ұлттық тәрбиенің жоқтығы — осы дүниелердің титтей де түйірін бойымнан таппасаңыз екен. Ертеректегі келіндердей ұзын көйлек, белдемше киер ем, басымнан күні-түні орамалымды тастамас ем, үлкен-кішіге иіліп сәлем беруді де жадымнан шығармас ем. Отбасымызда орын алған кикілжің, жанжалды көпке жаймай, сыртқа сыр алдырмай жүрер ем. Кіші мемлекетіміздің үлгілі жанұялардан болуы үшін барымды салар ем. Ізетті, ұяң келін болсам, әкем екеуіңіздің ризашылықтарыңызға бөленер ем, баталарыңызды алар ем. Міне, ең ғажабы — сол. Ошағымның түтінін түтетіп, босағасын берік ұстауды аманаттайтын Өзіңіздей анамның ақылын тыңдасам, адаспайтыным анық. Анашым, кемшілік-қателіктерімді аналық пейіліңізбен кешіріп, кем-кетігімізді түзеп отырсаңыз, сіздің келініңізден көркем келін болмайды-ау. Білмегенімді үйретіңізші, тез-ақ ұғынып үйреніп кете қоямын. Асқақ бітімді, асыл ерке Анашым, сіздің жылуыңыз — менің жаныма шуақ, ал ұлыңыздың білегіне күш, жүрегіне түк сыйламақ! Ақылшым, қамқоршым, амандығыңызды тілеймін

Теги других блогов: продвижение SEO Google